Экономика

Агроөнеркәсіп кешені: ауқымды жұмыстар желісі

Тағы да бір жыл аяқталып келеді. Жазғы науқандық жұмыстар бір мәреге жетіп, осы тұста жиын-теріннің қорытындысын шығарып, қысқа дайындық барысын сараптап алатын кезең туды. Осыған байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхтар Жұмағазиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесіп, сұхбат берді.

Ол ең алдымен облыста жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығын жаңғырту шараларына тоқталды.

«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясындағы ірі жобаларға кіретін «Айс» ЖШС, Бестамақ мал шаруашылығы кешені, «АкТеп» ЖШС, «Рамазан» ЖШС, «Аққұс» құс фабрикасы, «Молочные истории», «Ақтөбе ұн өнімдері комбинаты» ЖШС, «Izet Greenhause» ЖШС жылыжай кешені бүгінде облыс экономикасын көтеруге лайықты үлес қосуда. Мәселен, «Ақтөбе ұн өнімдері комбинаты» өткен жылы ғана Өзбекстанға біраз көлемде макарон тағамдарын жөнелтті, Бестамақ мал шаруашылығы кешені Ресейге 337 тонна шошқа етін шығарды, «Рамазан» ЖШС бүгінгі күні облыстың жұмыртқаға деген сұранысын толығымен өтеп отыр.

Қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасына сәйкес экспортқа ет өнімдерін шығарудың нақты жоспарлары белгіленіп, соған сай жұмыстар жүзеге асырылуда.

Бұрындары қой шаруашылығын дамытумен облыстың оңтүстік, оңтүстік батыс, шығыс және орталық аумағында орналасқан сегіз аудан шұғылданды. Бұл аудандар шалғай жайылымдық жерлердің басым бөлігіне ие және табиғи ауа райы жағдайы қой шаруашылығын дамытуға қолайлы. Бізде еттік-май бағытындағы қой тұқымдарын өсіруге басымдық берілуде. Үстіміздегі жылғы 1 қаңтарға облыста 847657 қой есепке алынды. Бұл — жыл басындағы көрсеткіш. Одан кейін төл алу барысында бұл деңгей 1 314 490-ға жетті.

Өңірде қойдың еділбай, қазақтың құйрықты қылшық және қылшық жүнді, сондай-ақ, цигай тұқымдары өсіріледі. Қазір бір асыл тұқымды зауыт және он асыл тұқымды шаруашылық  бар. Олар жылына 2500-3000 элита класты төлдерін сатады. Өткен жылы  республикада бірінші рет шалғай жайылымдық қой шаруашылығын дамытудың қанатқақты жобасы Байғанин, Ойыл, Шалқар және Ырғыз аудандарында жүзеге асырыла бастады. Осы жоба бойынша шаруа қожалықтарына жеңілдетілген несиемен 20 мыңнан астам саулық және асыл тұқымды қошқар сатып алынды.

Алдағы уақытта алыс жайылымдыққа орналастырылатын қой санын 1 миллионға жеткізу көзделуде. Алыс жайылымдық жерлерді суландыру, энергия көздерімен қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінде тұр.

«Агробизнес — 2020» бағдарламасына сәйкес 2014 жылдан бастап шалғай жайылымдық қой шаруашылығымен айналысатын  шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының ішкі құрылым салуға  жұмсалатын шығындарын республикалық бюджеттің қаржысы есебінен 50 пайызға дейін субсидиялау қаралған.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Сыбаға» бағдарламасы шаруаларға да, шаруашылық құрылымдарына да тиімді. Оның артықшылығы — ет бағытындағы асыл тұқымды бұқаларды жекенің қолындағы малдарға қосу арқылы алынатын төлдің сапасын арттыруда. Бағдарлама бойынша несие алушы ірі қара мал аналықтарын тауарлы, ал бұқаны асыл тұқымды мал ретінде сатып алады. Сонымен бірге несие алушы асыл тұқымды бұқа сатып алғанда оған қосымша әр басына 107 000 теңге және жыл сайын бұқаға пайдаланған мал азығының шығынын қайтаруға 47 000 теңге субсидия беріледі. Міне, осы жеңілдіктерді қазір көптеген шаруалар пайдалануда.

Жеке бағымдағы ірі қаралардың өнімділігін арттыруға бағыт ұсталынуда. Осы мақсатта 680 асыл тұқымды бұқалар сатып алынып, отыз алты селолық округтер бойынша таратылды. Алдағы уақытта етті малдың генетикалық әлеуетін көтеруге бағытталған шаралар алынбақшы. 

Басқарма басшысы сондай-ақ егіншілік алқаптарын азайтып, оның орнына мал азығындық дақылдарды өсіруге бағыт ұсталынып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, облыста жыл ішінде біраз шаруалар тындырылған. Алайда көздеген жоспарлар, жүзеге асырылуға тиісті жұмыстар да баршылық. 

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

     

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button